Соғысты тоқтатып, тұтқындарды босату: Израиль мен ХАМАС қандай келісімге келді
Бұл – бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі, дейді Трамп

ХАМАС израильдік тұтқындарды босатып, ал Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) алдын ала келісілген шептерге әскерін шегіндіреді. Бұл – бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі, деп мәлімдеді Дональд Трамп. Тараптар келісімнің жасалғанын растады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Газа секторында ХАМАС-тың қолында отырған израильдік тұтқындардың туыстары мен оларды қолдаушылар Тель-Авивте Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің алғашқы кезеңі мақұлданғаны туралы жаңалықты қуана қарсы алды.
Израиль мен ХАМАС АҚШ ұсынған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңіне келісті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
«Бұл дегеніміз – барлық тұтқын жақын күндері босатылады, ал Израиль әскерін келісілген шептерге шегіндіреді. Бұл – тұрақты, сенімді әрі мәңгі бейбітшілікке бағытталған алғашқы қадамдар. Барлық тараппен әділ қарым-қатынас орнатылады!», – делінген Трамптың жазбасында.
Өз мәлімдемесінде Трамп бұл тарихи әрі бұрын-соңды болмаған оқиғаның жүзеге асуына атсалысқан Қатар, Мысыр және Түркия елдерінің делдалдарына алғыс айтты.
Сондай-ақ ол 12 қазанға қарай Таяу Шығысқа ұшуға дайын екенін мәлімдеді. Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында Трамп: «Мен, бәлкім, аптаның соңына қарай, мүмкін жексенбі күні барып қалармын, көрерміз», – деді.
Газа секторына қатысты келісімді Израиль, ХАМАС және Қатар растады
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз парақшасында 9 қазанда үкімет отырысын шақырып, келісімді ратификациялауды және террористердің қолында отырған тұтқындарды елге қайтаруды жоспарлап отырғанын жазды. Reuters агенттігі ХАМАС та Израильмен келісім жасалғанын растағанын хабарлады.
Ал AFP агенттігі тірі қалған тұтқындар келісім жасалғаннан кейінгі 72 сағат ішінде шамамен 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталатынын жеткізді.
«Бүгін кешке делдалдар Газа секторында соғысты тоқтатуға бағытталған келісімнің бірінші кезеңін жүзеге асырудың барлық шарты мен тетіктері бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлайды. Бұл келісім соғыстың тоқтауына, израильдік тұтқындар мен палестиналық тұтқындардың босатылуына, сондай-ақ гуманитарлық көмектің жеткізілуіне мүмкіндік береді», – деп жазды Қатар сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансари өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Оның айтуынша, келісімнің толық егжей-тегжейі кейінірек жарияланады.