СҚО-да демалыс күндері карантин шаралары күшейтіледі
Облыста барлық көңіл көтеру және қызмет көрсету орталықтары жабылады

Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылады. Шағын дүкендер мен дәріханалардан басқа барлық көңіл көтеру және қызмет көрсету орталықтары жабылады. Сонымен қатар қоғамдық көлік те жұмысын уақытша тоқтатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Ол 27 маусым сағат 00.00 күшіне еніп, 29 маусым күні сағат 00.00 күшін жояды. Бұл күндері облыс тұрғындарына туған-туыс, таныстарын аралауға, отбасылық іс-шараларды өткізуге шектеу қойылмақ. Сондай-ақ өңір бойынша және елді мекендерде жаяу, жеке көлікпен қатынауға тыйым салынады. Тұрғындар үйден тек жұмысқа барып, жақын маңдағы дүкен мен дәріханадан керек-жарағын алу үшін және үй жануарларымен ғана шыға алады», - деп жазылған хабарламада.
Демалыс күндері облыстағы барлық супермаркеттер мен гипермаркеттер, сауда орталықтары, базарлар, ойын-сауық, бизнес орталықтар, қызмет көрсету орталықтары, моншалар, қоғамдық тамақтану орындары, туризм нысандары мен мейманханалар, жағажайлар, спорт-мәдениет-діни нысандар, үйірмелер уақытша жұмысын тоқтатады.