$ 546.96  642.73  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда әскери форма киген ер адам ішіп алып, елдің зәресін алды

Атырау облысының полиция департаменті оқиға қатысты ресми мәлімдеме жасады

Атырауда әскери форма киген ер адам ішіп алып, елдің зәресін алды
Фото: Видеодан скрин

Атырауда құқық қорғау органдарының формасына ұқсас киім киген ер адам ішімдікке сылқия тойып алып, жұрттың зәресін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Atyrauoil мәліметінше кешкі уақытта автобус аялдамасының жанында қозғалыссыз тұрған Toyota Highlander автокөлігін өтіп бара жатқан жүргіншілер байқап қалған. Салонда тәртіп сақшысының формасына ұқсас киім киген екі ер адам отырған. Әуелде куәгерлер оларды есінен танып қалғанын ойлап, жедел жәрдем шақырған. Алайда жағдай күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды.

Оқиға орнына жеткен дәрігерлер ер адамның қатты мас болғанын анықтады. Жедел жәрдем көлігінде олардың бірі дөрекілік танытып, тіпті төбелес шығарған. Ер адамдардың бірін аяғынан жарақат алған күйінде ауруханаға жеткізгенімен, ол дәрігердің көмегін күтпей, қашып кеткен. Ал екіншісін ұстап, полицияға тапсырды.

Ерекше назар аудартқаны – олардың әскери формаға ұқсас киімде болуы. Одан бөлек, куәгерлер оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің оларға аттарын атап сөйлегенін жеткізді. Бұл жайт ер адамдардың құқық қорғау органдарына қатысы болуы мүмкін деген күдік туғызды. Алайда полиция ресми түрде мұны жоққа шығарды.

Атырау облысының полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады:

«Көлік тізгінінде қала тұрғыны, 29 жастағы азамат болған. Медициналық сараптама оның мас күйде екенін растады. Бұған қоса, оның бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қатысы жоқ бола тұра, форма кигені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 675-бабы бойынша хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды», – делінген полиция хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары