Көкшетау дәріханаларында парацетамол мен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жоғалып кетті
Қалада қызу өлшейтін құрал да таусылып қалған
Облыс орталығындағы тұрғындар коронавирус инфекциясын жұқтырудан қауіптеніп, дәріханалардан вирусқа қарсы дәрілерді талап алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұдан бұрын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында дәрі тапшылығы болып жатқаны хабарланған еді.
«Бірнеше дәріханаларға бардым, парацетамол басқа да ауруға қарсы препараттарды іздеп таба алмадым. Тіпті, кәдімгі дене қызуын өлшейтін қызуөлшегіштің өзі табылмады. Бұл сұмдық қой. Осыған дейін бетперде іздеп тентіреп, болмаған соң, қолдап жасап тіккенбіз. Енді дәрі болмаса қайтпекпіз? Халық тағы да бір дүрбелеңге түсетін болды», - дейді Жантемір Демесінов есімді қала тұрғыны.
Ал фармацевтердің айтуынша, қауіптенетіндей ештеңе жоқ.
«Вирусқа қарсы дәрілер бүгін ғана таусылып қалды. Жақында ғана барлық қорымыз қайта толығады. Алаңдауға еш негіз жоқ», - дейді қала дәріханаларының дәріхана қызметкері Юлия.
Өңірдегі бас санитар дәрігердің сөздері де бір-біріне қарама-қайшы. Ол дәріханаларда дәрілер бар, бірақ қоймаларда дәрі-дәрмек таусылған деп отыр.
«Парацетамол дәрісін жеткізетіндерде қиындық туындап отыр. Жалпы облыста жеткізу жолға қойылған. Әзірге, елорда мен Алматы сияқты дәрі тапшылығы бізге жеткен жоқ. Халықтың өзі дүрбелең туғызып бір-ақ сәтте дәрі-дәрмектерді сатып алып қойды. Ал, негізгі дәрі жеткізушілер Алматыдан қажетті препараттарды әкеліп үлгермеді. Дәріханалар емдік дәрі-дәрмектерді өздері сатып алады. Біз олардың қаншалықты сатып алатынын реттей алмаймыз. Өйткені, олар дербес шаруашылық субъектілері болып табылады», - дейді Владислва Зимов.