Ұлытау облысында жүйелі түрде пара алып келген шенеунік ақыры сотталды
Ол шаруа қожалықтарының басшыларынан заңсыз ақша бопсалаған

Ұлытау облысында шенеунік жүйелі түрде пара алғаны және алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Шенеунік қалай әрекет етті
Аудандық прокуратура ұсынған іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы айыпталушы қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, шаруа қожалықтарының басшыларынан заңсыз ақша бопсалап, жүйелі түрде пара алып отырған.
Аталған қаражат мемлекеттік субсидия алуға жәрдемдесу үшін берілген. Бұдан бөлек, шенеунік ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденген.
«Сот оны пара алғаны және алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 9 784 896 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған мемлекеттік және қаржылық мекемелерде қызмет атқару құқығынан айыру жазасы қолданылды», — делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Зиян өтелді
Қылмыстық әрекеттерден келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Үкім заңды күшіне енді. Қадағалаушы орган Жаңаарқа ауданында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.