Қазақстанда жүргізушілердің айыппұлдан жалтару үшін қандай қулыққа баратыны белгілі болды
Полиция жүргізушілердің қулығын жайып салды

Ақмола облысының полицейлері жүргізушілердің айыппұлдан жалтару үшін қандай қулыққа баратынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның айтуынша, мемлекеттік тіркеу нөмірі үнемі анық көрінуі тиіс. Алайда кей жағдайларда нөмірлердің қатты кір болуы салдарынан оқылмай қалатыны, сонымен қатар жүргізушілердің оларды әдейі бояп, түрлі заттармен жауып немесе әдеттен тыс бекіту тәсілдерін қолданатыны (жіп, трос және тағы басқа) анықталды. Мұндай амалдарға олар айыппұлдан құтылып кету үшін барады.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында нөмірлік белгіні толығымен жасыратын арнайы құрылғылардың жаңа түрлері де әшкереленді.
«Екатеринбург – Алматы автожолының 1342-шақырымында HOWO маркалы жүк көлігінен троспен жабдықталған арнайы нөмірлік рамка табылды. Трос түсірілген кезде нөмір көрінбей қалады, ал жүргізуші оны қашықтан түйме арқылы тартып көтере алады. Дәл осындай құрылғы аталған автожолда Shacman маркалы көліктен де анықталды», – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.
Рейдтер барысында осындай құқық бұзушылыққа жол берген бес жүргізуші жауапкершілікке тартылды.