Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 37 млрд доллардан асты
Олжас Бектенов Минскіде өткен ТМД Үкіметтері басшыларының кеңесіне қатысты

Минск қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Жиынға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің үкімет басшылары, сондай-ақ Армения вице-премьері бейнебайланыс арқылы қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экономикалық ынтымақтастық және сауда өсімі
Кездесуде ғылыми-технологиялық саладағы әріптестік пен экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов ТМД-ның сенімді ынтымақтастық алаңы екенін атап өтіп, соңғы бес жылда ішкі сауда көлемі 40%-ға артқанын, ал Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 37,3 млрд доллар болғанын жеткізді.
Цифрландыру мен жасанды интеллект – басты басымдық
Премьер-министр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық елге айналу жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, жасанды интеллектіні енгізу мен цифрлық өнімдерді экспорттау бағытында ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.
Жаңа құжаттар қабылданды
Отырыс қорытындысында ТМД елдері бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың қатарында:
- 2026-2035 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму стратегиясы;
- 2035 жылға дейінгі цифрлық экономика мен ақпараттық қоғамды дамыту стратегиясы;
- мультимодальды көлік дәліздерін цифрландыру стратегиясы;
- шегірткелердің жаппай таралуын болдырмау жөніндегі келісім;
- құрылыс қызметіндегі баға белгілеу тұжырымдамасы және басқа да құжаттар бар.
Келесі кездесу орны
МД Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2026 жылдың бірінші жартысында Ашхабадта (Түрікменстан) өтеді.