Алматы облысында 216 млрд теңгеге сусын шығаратын зауыт салынады
Ірі кәсіпорын 230-дан астам адамды жұмыспен қамтымақ

Алматы облысында 216 млрд теңгеге сусын шығаратын зауыт салынады. Жыл сайын 340 млн литр өнім өндіретін ірі кәсіпорын 230-дан астам адамды жұмыспен қамтымақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа өндіріс орнының маңызы
Қазақстан Үкіметі Алматы облысында жаңа бейалкогольді сусындар зауытын салу туралы шешім қабылдады. Жобаның жалпы құны – 216 млрд теңге.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, бұл жоба Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Carlsberg Central Asia компаниясының бірлескен бастамасы аясында жүзеге асады.
Зауыттың өндірістік қуаты
- Жылдық өндіріс көлемі – 340 млн литр сусын
- Жаңа жұмыс орындары – 230-дан астам
- Қазақстан азаматтарының үлесі – 85%
- Арнайы оқыту және тағылымдамадан өткізу бағдарламалары қарастырылған.
Жобаны іске асыру кезінде халықаралық стандарттар мен заманауи технологиялар қолданылады. Бұл кәсіпорын агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік өнеркәсібінің дамуына серпін береді.
Экономикалық және әлеуметтік тиімділік
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдан 2040 жылға дейін Қазақстан бюджетіне 43,5 млрд теңгеден астам салық түсімі күтілуде.
Сонымен қатар жоба аясында энергия үнемдеу технологиялары енгізіледі; суды ұтымды пайдалану жолға қойылады; өндірістің экологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі.
Үкімет пен инвестордың ынтымақтастығы
Инвестициялық штаб аясында жобаға қолдау көрсетіліп, әкімшілік рәсімдерді жеделдету, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастыру мәселелері шешілген.
«Жобаның сәтті жүзеге асуы үшін Үкімет пен инвестор арасында өзара міндеттемелер талқыланып, толық келісім жасалды», – делінген ресми хабарламада.