Министрлік елге электромобиль әкелгісі келетіндерге ескерту жасады
Жеңілдік квотасы таусылуға жақын

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға электромобильдерді әкелу тәртібіне қатысты ресми ескерту жасады. Ведомствоның мәліметінше, жеңілдікпен әкелінетін көліктердің жалпы саны 15 мың болып белгіленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл норма 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағы комиссиясының №130 шешімінесәйкес бекітілген. Аталған шешімге сай, электромобильдерге (код ТН ВЭД 8703 80 000 2) тарифтік жеңілдік қарастырылған, бірақ ол тек квота шеңберінде ғана қолданылады.
Қанша электромобиль қалды?
Комитеттің ресми деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 25 қыркүйегіне дейін Қазақстанға 13 мыңнан астам электромобиль әкелінген, бұл жалпы квотаның 87,2 пайызын құрайды.
Демек, жеңілдікпен тағы шамамен 1 900 электромобиль ғана әкелуге мүмкіндік бар.
Азаматтарға ұсыныс
Мемлекеттік кірістер комитеті электромобиль сатып алуды және шетелден әкелуді жоспарлап жүрген қазақстандықтарға алдын ала ойлануды ұсынады:
- Қалған квота көлемін ескеріп, сатып алу шешімін қабылдау;
- Болашақта шектеулерге тап болмау үшін уақытылы рәсімдеу;
- Салықтық жеңілдіктің тек квота аясында ғана қолданылатынын есте сақтау.
«Жеке азаматтарға электромобильді әкелмес бұрын, жеңілдікке қолжетімділік қалды ма, жоқ па, соны нақтылап алған жөн. Әйтпесе, тарифтік шектеулер күшіне енуі мүмкін», – деп хабарлады ведомство.