СҚО-да әкімдіктердің былығы әшкере болды
Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік сатып алудағы заң бұзушылықтар анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алулар саласында заңбұзушылықтар анықталып, жосықсыз жеткізушілердің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талдау барысында бірқатар мемлекеттік мекеме «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды өрескел бұзғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жосықсыз қатысушыларды уәкілетті органға хабарлау шаралары уақытылы қабылданбаған.
Заң бұзушылықтар қайда тіркелді?
Заң талаптарын сақтамау фактілері мына мекемелерде анықталды:
- Шал ақын ауданы әкімінің аппараты;
- Аққайың ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі;
- Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарының білім бөлімдері;
- Ақжар, Қызылжар, М.Жұмабаев, Шал ақын, Уәлиханов аудандарының әкімдіктері;
- Ақжар және Уәлиханов аудандарының емдеу мекемелері, соның ішінде Психикалық денсаулық орталығы.
Тимирязев ауданында білім бөлімі бір жылдан астам уақыт бойы жосықсыз жеткізушілер туралы ақпаратты уәкілетті органға жолдамаған. Ал Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің аппараты да осындай заңбұзушылыққа жол берген.
Жауапты тұлғаларға шара қолданылды
Прокурорлық қадағалау актісі аясында:
- 15 лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды;
- 26 жосықсыз өнім беруші ресми тізілімге енгізілді;
- Мемлекеттік сатып алуға қатысуына шектеу қойылды.
Алдағы жұмыс бағыттары
Қадағалау органы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және жаңа бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.