Заңгер несие рәсімдегенде неге мән беру керек екенін айтты
Жасырын шарттар мен күмәнді белгілердің бар-жоғына назар салу керек

Несие рәсімдегенде ұсақ әріптермен жазылатын шарттар болса, ол заң бұзушылық болып саналады. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгері Нұртілеу Сегізбай айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанда банк қызметін және микроқаржы ұйымдарының жұмысын бақылайтын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Мұндай жағдайлар анықталса, ол тек тұтынушыға ғана емес, агенттіктің өзіне де сын болып саналады», – дейді заңгер.
Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары қызметін бастау үшін лицензия алады. Ал лицензия алу процесі өте күрделі, сондықтан онда кез келген жасырын шарттар мен күмәнді белгілер мұқият тексеріледі.
«Егер лицензия алғаннан кейін де қаржы ұйымы осындай әрекеттерге баратын болса, бұл заң бұзушылық ретінде қаралады», - деп түсіндірді ол.
Еске сала кетейік, бқдан былай банктер мен микроқаржы ұйымдары әлеуметтік осал топтағы және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға кемінде үш ай мерзімге берешекті өтеуді кейінге қалдыруға міндетті. Бұл ретте ешқандай комиссия немесе қосымша төлем алынбайды.