$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында көрші ауылдағы қалыңдығына кеткен жігітті алты адам ұрып өлтірген

Соққыға жығылған 30 жастағы ер адам ауруханада қаза тапты

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 30 жастағы ер адам ауылдастарының соққысынан көз жұмды. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол көрші ауылға қалыңдығына барған кезде алты жігіт жабылып, аяусыз ұрып тастаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қоңырат ауылының тұрғыны, 30 жастағы Әзиз Құралбаевтың туыстары президентке бейнеүндеу жолдады. Олар бір жылдан бері кінәлілердің жазаланғанын талап етіп келеді. Айтуларынша, Әзизді тек қалыңдығына барғаны үшін ұрған. Ол алған жарақаттарынан жансақтау бөліміне түсіп, үш айдан кейін қайтыс болыпты.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Келесі күні туыстары Әзизді аудандық ауруханадан тапқан. Олардың айтуынша, денесі қатты жарақаттанған.

«Палатаға кіргенде оны танымай қалдым. Денесінің бәрі көгерген, беті ісіп кеткен, көзінің айналасы қан болып қатып қалған. Кеудесінің оң жағы қарайып кеткен – оны тепкілегенге ұқсайды. Ал қолында темекі күйігі болды», – дейді марқұмның ағасы Алмир Құралбаев.

Туыстарының айтуынша, Әзизді ұрғандардың саны алтау болған. Алайда айыпталушылар орындығында тек төртеуі отыр. Екеуін тергеу куәгер ретінде тіркеген. Марқұмның отбасы мұны әділетсіздік деп санайды.

«Алты жігіт Азизді ауыл сыртында ұстап алып, аяусыз сабаған. Қыс мезгілі болатын – олар үстіне суық су құйып, аузын күштеп арақпен толтырған. Біреуі қолын темекімен күйдіріпті. Есінен танғанда, оны ауыл шетіне апарып тастап кеткен», – дейді марқұмның келіні Мөлдир Уенбаева.

Қылмыстық іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Соттағы жарыссөздер аяқталды, бірақ үкім әлі шыққан жоқ.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі:

 «Төрт адам жауапқа тартылды. Екеуіне «Топ болып бұзақылық жасау» бабы бойынша, ал қалған екеуіне «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабымен айып тағылған. Судья кеңесу бөлмесіне кетті», – деп хабарлады.

Әзиздің туыстары екі күдіктінің таныстары мен ақшасының арқасында жазадан құтылып кеткеніне сенімді. Отбасы президент пен Бас прокуратурадан істі бақылауға алып, әділдікті қалпына келтіруді сұрайды.

Серіктес жаңалықтары