«Қайрат» ойыншысы «Реалмен» матч қарсаңында үйленіп алды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жас жұбайларға бақыт және ұзақ ғұмыр тіледі

Ұлттық құрама мен «Қайрат» клубының ойыншысы Дамир Қасаболат «Реал Мадридпен» матч қарсаңында шаңырақ көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының инстаграмдағы ресми аккаунты жазды.
«Жас жұбайларға бақыт, береке және ұзақ ғұмыр тілейміз. Бірге өткізер әр күндеріңіз қуаныш пен махаббатқа толы болсын!», - делінген хабарламада.
Дамир Қасаболат туралы не білеміз?
Дамир Қайратұлы 2002 жылы Алматыда туған. Қазақстан Ұлттық футбол құрамасы мен «Қайрат» клубының қорғаушысы. Қазақстанның 17, 21 жастағы құрамаларында ойнады. 2024 жылы Қазақстан чемпионы болды. 2025 жылы Қазақстан суперкубогын иеленді.
Еске салайық, «Қайрат» плей-оффта «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен еді. Алматылық клуб негізгі кезеңдегі алғашқы ойында «Спортингтен» 4:1 есебімен жеңілді. Енді 30 қыркүйекте өз алаңында атақты «Реал Мадрид» клубын қабылдайды.
«Қайрат» капитаны «Реалмен» матчтың алдында тісін сындырып алды. Қақпашы Темірлан Анарбеков те ауыр жарақат алып қалды.