Алматының көшелерінен 4 мыңға жуық шұрық тесік табылды
Полицияның хабарлауынша, сегіз ай ішінде 2000-нан астам тексеру жүргізілді

Алматыда жолдардың сапасын бақылау күшейтілді. Полиция мен тиісті қызмет мамандары 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында төрт мыңға жуық жол жамылғысы мен инфрақұрылымдағы ақауларды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоспар: 120 шақырым жол мен тротуар жөнделмек
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін қаладағы әртүрлі шағынаудандарда 120 км-ден астам жол, тротуарлар мен веложолдар салынып, жөнделеді, аялдама кешендері мен жаяу жүргіншілерге арналған үстіңгі өткелдер орнатылады.
Тексерулер мен айыппұлдар
Полицияның хабарлауынша, сегіз ай ішінде:
- 2000-нан астам тексеру жүргізілді;
- 140 әкімшілік хаттама жасалып, заңды және лауазымды тұлғаларға 5,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды;
- 2000-нан астам нұсқама берілді;
- барлығы 4000-ға жуық ақау анықталды.
Құрылыс сапасы тұрақты бақылауда
Әкімшілік жауапкершілікке көбіне құрылыс және мердігер ұйымдар, сондай-ақ жолдарды салу мен күтіп-ұстауға жауапты лауазымды тұлғалар тартылады. Билік өкілдері барлық анықталған кемшіліктердің жойылуы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.