Алматыда алаяқтарды SIM-картамен қамтамасыз етіп жүрген топ ұсталды
Олардан 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді
Алматы қаласында интернет-алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаменті Киберпол қызметкерлері мессенджерлерге тіркеу және белсендіру үшін көп мөлшерде SIM-карталар мен мобильді телефондарды сатып алып, пайдаланған адамдар тобын ұстады.
Тексеру барысында 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді. Аталған құрылғылар заңсыз әрекеттер үшін қолданылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, SIM-карталар мен телефондар «Telegram» және «WhatsApp» мессенджерлерінде тіркеу кезінде растау кодтарын қабылдау үшін сатып алынған. Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың интернет-ресурстар арқылы жасалған бірқатар алаяқтықтарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
«Интернет-алаяқтықпен күрес – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Біз SIM-карталардың заңсыз айналымына қатысты тізбектерді анықтап, полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе отырып, барлық мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді тергеу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз», – деді, Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Қазіргі уақытта толық көлемде тергеу және жедел шаралар кешені жүргізілуде.