$ 541.01  640.34  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кітап оқитын ұлт»: Қарағанды облысында жобаға тіркелгендер саны 60 мыңнан асты

Бүгінде қатысушылар саны бойынша көш басын Қарағанды қаласы бастап тұр

«Кітап оқитын ұлт»: Қарағанды облысында жобаға тіркелгендер саны 60 мыңнан асты
Фото: istockphoto.com; Facebook/Alibek Aldeney

Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі берік, болашағы баянды болады. Осы қағиданы басшылыққа алып, біз қыркүйектің басынан «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолға алдық. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мақсатымыз бір – халқымызды бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлттардың қатарына қосу. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл бөліп отырғаны бекер емес. Мұның астарында ұлттық мұрат пен мемлекеттік мүдде жатыр. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтырғанда ғана рухани серпіліске, сапалы өрлеуге бет бұрамыз.

Өңірімізде осы күндері басталған мәдени-ағартушылық сайыс – ұлттық бастаманың алғашқы қадамы. Республика бойынша бұл жобаны пилоттық форматта тұңғыш рет қолға алған соң, әрине, қобалжу да болды, толқу да болды. Телефонға телміріп, әлеуметтік желіге шырмалған заманда халыққа кітап оқыту қиын болар ма екен деп алаңдадым», – дейді әкім орынбасары.

Айтуынша, алғашқы күннен-ақ халықтан лег-легімен түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштер бұл күдікті су сепкендей басты. Оқырманның ынтасы бар, тек дұрыс жол көрсетіп, мүмкіндік беру керек екен, дейді ол. Әр санат бойынша тіркелгендер саны күннен күнге артып барады. Бүгіннің өзінде 60 мыңнан асқан.

«Аудан, қала, ауыл тұрғындары жобаның ресми парақшаларына – https://www.instagram.com/kitapoqitynult...  – сондай-ақ, арнайы ашылған сайтқа https://reading-nation.kz/ru/ үздіксіз тіркеліп жатыр. Бар ақпарат осы платформаларда жарияланады.

Бүгінде қатысушылар саны бойынша көш басын Қарағанды қаласы бастап тұр. Шахтинск, Теміртау, Балхаш. Шет, Бұхар жырау, Осакаровка, Нұра аудандары да намысты қолдан бермей келеді.

Байқауды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын тәжірибелі ұстаздар, мен тіл мамандарын Жобалық кеңсеге біріктірдік. Олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Жалпы, аяқ алысымыз жаман емес)

Бастысы – санмен емес, сапамен діттеген мақсатқа жету. Және жеңіп, жүлделі болудан бұрын, ең алдымен халықты кітап оқуға қызықтыру, дағды қалыптастыру», – дейді Әлібек Әлденей.

Сөз соңында игі бастаманы ұйымдастырған «Кітап оқитын ұлт/Читающая нация» қоғамдық қорына, «AMANAT» партиясына алғыс білдірді.

«Байқау бүкіл елімізде дәстүрлі түрде өтіп, шын мәнінде жалпыұлттық қозғалысқа айналса, елімізде парасатты ой мен биік мәдениет үстемдік құрады, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады. Сонда ғана өркениетті қоғам құрып, алып мемлекеттермен тең дәрежеде дамимыз», – деп сөзін түйіндеді.

Серіктес жаңалықтары