Өскемен тұрғыны телеграмдағы жазбасы үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл төледі
Ол әлеуметтік желідегі жарнамасы үшін сотқа тартылды

Өскеменде Telegram желісінде «қаржы пирамидасын» жарнамалаған әйелге 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кінәсін мойындамады
Соттың мәліметінше әйел Telegram-дағы топта «N» қорының (қаржы пирамидасы) қызметін бейнепрезентациялар орналастыру арқылы жарнамалаған.
«Сот отырысында азамат Т. кінәсін мойындамай, құқық бұзушылық жасағанын жоққа шығарды. Өз түсінігінде ол 2023 жылдан бастап Люксембургте тіркелген және сол елдің заңнамасына сәйкес әрекет ететін «N» қорының инвесторы екенін айтты», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ ешкімді қорға тартпағанын, жарнама жасамағанын, дайын слайдтарды оқығанын, ақпаратты жақсы меңгергендіктен өзгелерге жеткізе алатынын алға тартты.
Сот үкім шығарды
Іс материалдарын зерттеп, өзге де дәлелдемелерді зерделеп, сот отырысына қатысушылардың түсініктемелерін тыңдай келе, сот азамат Т.-ны ӘҚБтК-нің 150-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 387 660 теңге мөлшерінде айыппұл салды және үш ай мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды (эфирге шығуды) тоқтата тұру түріндегі қосымша жаза кесті.
Қаулы апелляциялық сатыда қаралып, өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді.