Еуропалық баспасөз Қазақстандағы саяси өзгерістерге таңырқап отыр - Ермұрат Бәпи
Ол Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы реформаларға ерекше қызығушылық танытып жатыр дейді

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи депутаттық сауалын қазақстандық қоғаммен ақылдасудың амалы ретінде азаматтарға арнап отырғанын жеткізді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Оған себеп ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы.Біріншіден, президенттің өзі айтқандай, «жаңа геосаяси тәртіп орныға бастаған» бүгінгі теңселіп, тербетіліп тұрған құбылмалы әлемнің жағдайында мемлекет басшысы елді жаңа саяси өзгерістерге жетелеген бастамаларын жария етті. Бәлкім, төрткүл дүниеде алай-дүлей толқын туып тұрған дауылды дәуірде әліптің артын бағып, біздің тыныш жата тұрғанымыз дұрыс па еді? Қазақшалап айтқанда, «жау алып бара жатқан» ештеңе жоқ еді», - дейді Бәпи.
Оның айтуынша, президент осындай аумалы-төкпелі заманда «менің мақсатым – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп болашақтың қамын күйттеген қадамға бастамашы болды.
«Мемлекет басшысы болашақтың бағдарын, жасампаз жаңалықты жария етті. Ешкім мәжбүр етпеді, қарапайым қағытып айтқанда, оны «ешкім оны тілінен тартқан жоқ». Бұны елдегі өзгерістерге құштарлықтың, шынында да «Жаңа әділетті Қазақстан» құруға деген тәнтіліктің белгісі деп білу керек. Екіншіден, бұл Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық және де басқа салаларға қатысты ел халқы үшін өте маңызды мәнін былай қоя тұрғанда, Президенттің парламенттік реформа жасау жолындағы бастамасын ерекше атап өту керек. 30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа Қазақстан Парламентін нақты саяси күшке айналдыруға, ықпалды Парламент формуласын шынайы жүзеге асыруға бағыттайды деп санаймын», - дейді депутат.
Оның айтуынша, реформалар арқылы қоғамның саяси белсенділігін арттыруға және өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған бастама.
«Қалай болғанда да, күндердің күнінде біз партиялық сайлау жүйесіне келуіміз керек еді. Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан, әзірге басқа формасы табылмаған жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек болған. Мысалы, әлемдік демократияның алтын бесігі саналатын АҚШ-та екі партиялық сайлау жүйесі қалыптасқан. Еуроодақ елдерінің барлығы дерлік партиялық негіздегі Парламенті пен үкіметін сайлайды.Менің бірқатар Еуропалық баспасөз қауымдастықтарымен, жекелеген халықаралық азаматтық ұйымдармен біршама тығыз байланысым бар. Екі күннен бері олар Қазақстанда болатын болашақ саяси өзгерістерге таңырқап, маған қызығушылықпен хабарласып жатыр», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл қызығушылықтың өз жөні бар.
«Біз Азия континентіндегі қоғамдық-саяси дамуы терең стагнацияға ұшыраған мемлекеттердің қоршауындағы елміз. Авторитарлық формадан аттап өтуге бет алған «аралдағы» біздің өзгерістерге ол мемлекеттер үрке қарайды. Қазіргі геосаяси әлемнің күрделілігі тұрғысында біз осындай тәуекелдерге қарсы тұра білетіндей жалпы қоғамдық институт құра білуіміз керек. Ол институттың алтын қазығы – қоғамның ортақ үні мен ерік-жігерін жұмылдыратын парламенттік жүйе болуы тиіс. Ал бұл Парламент қазақстандық қоғамның болашақ даму алгоритмін қалыптастыратын саяси күштердің діңгегі бола алуы керек», - дейді ол.
Ол атағандай, президент Тоқаев ұсынған осы бастаманы қазақстандық қоғам мейілінше мемлекетшілдікпен, азаматтық және перзенттік жауапкершілікпен пайдаланып қалуы керек.
«Бірақ, реті келгенде өкінішпен айта кету керек: билікті оңды-солды сынау дағдысы сүйегіне әбден сіңіп қалған, тырнақ астынан кір іздеу «кәсібі» дәстүріне айналған жекелеген сауатсыз белсенділер мен саясаткер-сымақ азаматтар осы бастаманың өзінен кінарат іздеп, кешелі-бері әлден кесек атып әлек болып отыр.Елдің тұрақты және қауіпсіз болашағына кепіл болатын салиқалы ұсыныстарды биліктің тиісті буындары қабыл алары сөзсіз. Бұл – соңғы үш жылда орын алған президенттік түбегейлі саяси реформалардың үздіксіз жалғасы. Бұл шешімді де халық осымен үшінші рет референдум арқылы қабылдайтын болады. Яғни нағыз халық үнін ескеретін принципті Президентіміз өзі бастап беріп отыр», - деп түйіндеді ол.