Солтүстік Аралға бүгінге дейін 5 млрд текше метр су жіберілді – министрлік
Солтүстік Аралдағы су көлемі жоспардан бұрын ұлғайды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізіндегі судың көлемін арттыру жұмысын жалғастыруда. 2023 жылдан бүгінге дейін теңіздегі су көлемі 24,1 млрд текше метрге жетті. Осы кезеңде Солтүстік Аралға 5 млрд текше метр су жіберілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоспардан ерте орындалған көрсеткіштер
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылға дейін теңіздегі су көлемін 20,6 млрд текше метрге жеткізу көзделген еді. Ал 2030 жылға қарай көрсеткішті 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланған. Алайда бұл межеге алдын ала белгіленген мерзімнен бұрын жету мүмкін болып отыр.
Жаңа жоба дайындалып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің гранты есебінен Солтүстік Аралды сақтау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.
Жоба аясында:
- Ақшатау және Қамыстыбас көл жүйелеріндегі су деңгейін тұрақтандыру;
- су торабын салу;
- Көкарал бөгетін 2 метрге көтеру қарастырылып жатыр.
Күтілетін нәтижелер
Бұл бастама Солтүстік Аралдағы су көлемін ұлғайтуға және сапасын жақсартуға, Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіруге, теңіз түбінен тұздың ұшуын азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытуға және жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.