Қазақстан үш жылда жоғары технологиялы үш кәсіпорын ашуы керек - Тоқаев
Олар тау-кен металлургия саласында жұмыс істейді дейді президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тау-кен металлургия саласында алдағы үш жылда кемінде үш жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанның индустриялық қаңқасының тірегі – тау-кен металлургия кешені. Оның экономикадағы үлесі 8 пайыз. Салада өсімге резерв бар, әсіресе жоғары қосылған құнды өнімдер шығаруда әлеует зор. Жаһандық үрдістерді ескерсек, сирек кездесетін металдарға ерекше мән беріледі. Осы салада Қазақстанның әлемдік өнеркәсіп пен сауда тізбегіне белсенді араласуға әлеуеті бар», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алдағы үш жылда осы салада жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылуы тиіс.
«Үкімет те көмірсутекті шикізатты терең өңдеу бойынша бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруы керек», – деді Мемлекет басшысы.