Риддерде өзенді кесіп өтпек болған ер адам көлігімен бірге ағып кете жаздады (ВИДЕО)
Риддерде өзеннен өте алмай қалған 15 адам құтқарылды
Риддер қаласында қайғылы оқиға бола жаздады. Өзенді көлігімен кесіп өтпек болған ер адам қатты ағынмен бірге ағып кетудің алдында қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Noks.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Табиғат аясында демалған 15 адам төрт бірдей жол талғамайтын көлікпен өзеннен өтуге талпынған. Бастапқыда өзенді сәтті өткенімен, кешкісін қайтарда ағысы қатты тасқын олардың жолын бөгеді.
Куәгер Александр Бердюгиннің айтуынша, досы Иван Васильевпен бірге орманнан қайтып келе жатып, қиындыққа тап болған топты көрген. Олар трактор мен «Урал» көлігінің көмегімен джиптерді өзеннен сүйреп өткізе бастаған.
Алайда қатты ағын кезінде бір Prado көлігі ағынмен аударылып, жүргізуші көліктен әрең шығып үлгерген. Балаларды трактор кабинасына отырғызып, қалған көліктерді де шығарып алған. Prado қатты зақымданып, жүре алмай қалды. Ал бір отбасы отырған тағы бір көлік өзеннің арғы бетінде қалып қойған.
Құтқару операциясы кешке дейін созылып, барлық адам аман-есен елге жеткізілді.