Семейде карантин режимі күшейтіледі
Семейліктер «тақ және жұп күндер» шектеу жүйесіне қайта оралады

Семейде карантин режимі күшейтіледі. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қаламызда жағдай күрделеніп барады. Жауапты сала мамандарының қызметі мен ескертуіне қарамастан, коронавирусты жұқтырғандар саны 232 адамға жетті. Бұл жерде әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бар. Қаланың бас санитар дәрігері, арнайы ҚАУЛЫ қабылдады. Мұндағы мақсат, біреудің бизнесі мен қызметіне тосқауыл болу емес! Дұрыс түсіну керек! Басты мақсат – адам денсаулығы! Алдымыздағы 10 күн баршамыз үшін шешуші кезең болу керек!», - деді қала әкімі.
Ол шектеуге шыдап, барлық талапты орындау қалыпты өмірге қайта оралудың кепілі екенін атап өтті.
«Сөз қадірін түсініп, аталы сөзге тоқтай білген текті елдің өкілі болғандықтан, баршаңызға үлкен өтінішімді жеткізгім келеді. Әрқайсымыз бала тәрбиелеп, немере сүйіп, ұрпақ өсіріп отырмыз. Абай туған топырақта, балаға тоқтау болар – әке, қызын «қырық үйден» тыяр – ана, ұрпаққа қамқор болар – ұлт өкілі барына сенемін! Бәрі өз қолымызда! Тағат танытып, тағдыр сынынан аман өтейік!», - деді ол.