Алматыда электр желісінде апат болып, бірқатар аудан жарықсыз қалды
Электр желісінде апат болды

Алматының кейбір шағын аудандары жарықсыз қалды. Оқиға орнында жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «АЖК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Медеу, Бостандық және Әуезов аудандарындағы электр жеткізу желілерінде апатты ажырату болған.
«Оған кабельдік желілердегі апат себеп болды. Уақытша жарықсыз қалған шағын аудандар – Достық, Қарғалы, Архат, Ғаламат, Жайлау, сондай-ақ Гурилев, Теміртау және Блок көшелері», – делінген компания хабарламасында.
Қалпына келтіру жұмысына 8 жедел-шығу бригадасы, кабель желілерін жөндеудің 2 бригадасы, арнайы техника және электр зертханалары жұмылдырылды. Сағат 18:00-ден бастап кезең-кезеңімен ауыстырып қосу және тұтынушыларды уақытша электрмен қамту жұмысы басталған.
«АЖК» АҚ уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және электр энергиясын тез арада қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп қорытындылады компания.