Сот отырысынан жалтарған: Шымкентте іздеу жарияланған экс-депутат қолға түсті
Оның үстінен із қозғалды

Шымкентте іздеу жарияланған экс-депутат сол күні-ақ табылды. Қалалық Полиция департаменті істің анық-қанығын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында 48 жастағы Қуаныш Дәулетәлиевке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат шықты. Бұрынғы қалалық мәслихат депутатына қатысты іздеу ісі 2 қыркүйекте Шымкентте тіркелген.
Портал деректеріне сәйкес, іздеу жұмысымен Тұран ауданының полиция басқармасы айналысқан. Іздеуге сот бастамашылық еткен. Картада Дәулетәлиевтің жеке деректері – туған күні, азаматтығы және істі жүргізіп отырған полицияның байланыс нөмірі де жарияланған.
Полиция түсініктемесі
Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қорлау фактісі бойынша арызы қаралып жатқан азаматқа сот отырысының күні мен уақыты көрсетіліп, міндетті түрде келу керектігі туралы ескертілген. Алайда ескертуге қарамастан, ол сотқа келмеген.
«Осыған байланысты сот мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарды. Аталған қаулыны орындау Шымкент қаласы ПД Тұран аудандық басқармасы қызметкерлеріне жүктелді», – делінген хабарламада.
Сол күні, яғни 2 қыркүйекте экс-депутат анықталып, сотқа жеткізілген.
Депутат туралы не белгілі
Белгілі болғандай, бұрынғы депутат қалалық мәслихаттағы «Ауыл» партиясы фракциясын басқарған. Алайда партиядағылар оның 2023 жылдан бері ұйымға ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтті.
Сегізінші шақырылымдағы мәслихат сайлауында экс-депутат өзін-өзі ұсынушы ретінде кандидат болған.