Астана тұрғыны үйдің кіреберісінде дәрет сындырды
Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Астанада тұрғын үйде вандализм жасаған азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының мәліметінше оқиға Мұстафина көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған.
Ер адам подъезде дәрет сындырып, айналасындағыларға ашық құрметсіздік танытқан. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мүлікті ластау және бүлдіру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Аялдама кешендеріне, орындықтарға, шағын сәулеттік нысандарға және инфрақұрылымның басқа да объектілеріне залал келтіру қалаға шығын әкеліп қана қоймай, қоғамдық мінез-құлық мәдениетін де бұзады», – деп атап өтті полиция.
Жалпы, жыл басынан бері 160 адам жауапқа тартылды: олардың 93-і қамауға алынып, 67 тұлғаға жалпы сомасы 10 466 780 теңге айыппұл салынды.
Өткен жылдан бері Астанада «Стоп, вандал» акциясы өткізіліп келеді. Оны волонтерлер, белсенділер, белгілі спортшылар мен қала тұрғындары қолдады.
«Заң және тәртіп» нарративі аясында қалалық полиция прокуратурамен бірлесіп вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізуде. Бөтен мүлікті қасақана жойған немесе бүлдіргендерге 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады.