Жетісу облысында мас кезінде рөлге отырған жүргізуші бас бостандығынан айырылды
Ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды

Жетісу облысында екінші рет мас кезінде рөлге отырған жүргізуші бас бостандығынан айырылды және оған өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетісу облысы прокуратурасы сайтының мәліметінше сотқа жергілікті жүргізушілер, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатындар шақырылды.
«Сот бұған дейін мас болып көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарады», - деп жазылған хабарламада.
Ұсталған азамат жүргізуші куәлігінсіз қайтадан мас кезінде көлік жүргізіп, сол арқылы Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
«Сот мас күйінде көлік жүргізген адамды 6 айға бас бостандығынан айыруға және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруға үкім шығарды», - деп жазылған хабарламада.
Прокуратура жүргізушілерге мас күйінде көлік жүргізуге жол берілмейтінін еске салды.