«Селтик» жанкүйері Алматыға келе салысымен айыппұл төледі
Ол сүйікті клубының «Қайратқа» қарсы ойынын көруге Алматыға ұшып келген

Әлеуметтік парақшада Joe Joe Harp деп жазылған шотландиялық «Селтик» жанкүйері Алматы әуежайында өзіне вейп үшін айыппұл салғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Жанкүйердің сөзінше, ол сүйікті клубының «Қайратқа» қарсы ойынын көруге Алматыға ұшып келген. Ұшақтан түскен соң көп ұзамай-ақ оған шамамен 30 мың теңге айыппұл төлеуге тура келген.
«Қазақстанда вейп үшін 30 секундта айыппұл салады. Шынымды айтсам, өз басым жетістікке жетеміз деп ойламаймын», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұл жазба британиялық пабликтерде тарап, жүздеген пікір жинады. Бірқатар қолданушы жанкүйердің Қазақстан заңдарымен алдын ала таныспағанын және автордың вейпті әуежайдың ішінде шеккенін сынға алды.
Әлеуметтік желіде көрсетілген айыппұл сомасы – 29 490 теңге, ол Қазақстанда қоғамдық орында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін белгіленген 15 АЕК көлеміндегі жазаға сәйкес келеді. Айыппұл бірінші аптада төленсе, оның жартысы ғана өндіріледі.
Бұл жайтқа қатысты полиция ресми түсініктеме берді:
«25 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Алматы қаласының әуежайында бейнебақылау жүйесі арқылы 29 жастағы Ирландия азаматы анықталды. Ол терминалдың бірінші қабатында, дәлірек айтқанда, шығу есігінің маңында электронды темекі шеккен. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК 441-бабы 1-бөлігіне (Темекі өнімдерін тұтынуға тыйымды бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, оған 29 490 теңге айыппұл салынды», – деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шетелдік азамат айыппұл салынғаннан кейін босатылған.
Сонымен қатар ведомство қазақстандық заңнамаға сәйкес, вейптер темекі өнімдеріне теңестірілгенін еске салды.