17 санат белгіленді: Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыны кімдер ала алады
Қазақстанда 200 мыңнан астам азамат арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады

Қазақстанда 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 208 668 азамат арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 15,7 млрд теңге төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы қашан енгізілді?
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлемдері елімізде 1999 жылдан бастап қолданысқа енгізілген. Ол – халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементтерінің бірі.
Кімдер алуға құқылы?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, 17 санаттағы азаматтар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Олардың қатарында:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және өзге соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
- «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленгендер;
- Тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандар;
- Саяси репрессия құрбандары;
- Мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасына айрықша еңбек сіңіргендер және басқа да санаттағы азаматтар.
Жәрдемақы мөлшері қанша?
Жәрдемақы көлемі алушының санатына байланысты 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өзгереді.
- Оның мөлшері жыл сайын АЕК өсіміне қарай артады.
- Егер азамат бірнеше санатқа жатса, төлем тек бір бағыт бойынша, оның жеке таңдауы ескеріліп жүргізіледі.
Шетелдіктер де ала алады
Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да қазақстандықтармен бірдей деңгейде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Қалай алуға болады?
Жәрдемақы алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн, немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.