Аңсабаевтың эпилепсияға шалдыққаны расталды, сот оны көлік жүргізу құқығынан айырды
Абай облысының Бестерек ауылында 6 баланы қағып кеткен жүргізушінің он жыл бойы эпилепсия диагнозымен есепте тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.
Үржар аудандық соты 55 жастағы ер адамды көлікті басқару құқығынан айырды. Айыпталушының күрделі диагнозы бола тұра, жүргізуші куәлігін қалай алғаны белгісіз.
«Үржар аудандық соты Аңсабаевқа қатысты істі заң шеңберінде қарап, оның көлік құралын басқару құқығын тоқтатты. Ол кісінің диагнозы бар. G 40.3 –эпилепсия синдромы. Бүгінгі күні ол кісі D есебінде тұрады», - дейді Үржар аудандық сотының төрағасы Шынар Оспанова.
Естеріңізге салайық, 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында қорқынышты жол апаты болды. Сол ауылдың 55 жастағы тұрғыны үйдің алдында ойнап жүрген 6 баланы басып кеткен. Салдарынан үш бала қаза тауып, қалған үшеуі ауыр хәлде ауруханаға жатқызылды. Көлік қағып кеткен балалар ата-әжесіне қыдырып барған екен. Ауруханаға түскен үш баланың екеуін санавиация 20 тамыз күні Астанаға әкелді. Қазір жол апатынан аман қалған үш баланың да жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін ұсталған жүргізушінің ұлы қара жамылған отбасылардан кешірім сұрады. Оның айтуынша, жол апаты кезінде әкесінің жүрегі ұстап қалған.
Дәрігерлер Астанаға әкелінген екі бала – бір үйдің балалары екені расталды. Ең өкініштісі, Бестерек ауылында жерленген бір ұл бала да осы отбасының бүлдіршіні.