Қазақстанға 1,1 млн-нан астам қандас оралды
Бұл – 1991 жылдан бергі көрсеткіш

2025 жылдың басынан бері 8 051 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Ал тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ қоныс аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан келіп жатыр
Жыл басынан Қазақстанға қоныстанған қандастар мына елдерден келген:
- 44,2% – Өзбекстаннан;
- 43,2% – Қытайдан;
- 5% – Түрікменстаннан;
- 2,7% – Моңғолиядан;
- 2,4% – Ресейден;
- 2,5% – басқа.
Қандастардың жасы мен білімі
2025 жылғы 1 тамыздағы дерек бойынша:
- 59,1% – еңбекке қабілетті жаста;
- 31,8% – балалар;
- 9,1% – зейнеткерлер.
Білім деңгейі бойынша:
- 15,7% – жоғары білімді;
- 28,1% – кәсіби орта білімді;
- 53,5% – жалпы орта білімді;
- 2,7% – білімі жоқ.
Қоныстанған өңірлер және квота
Этникалық қазақтар еліміздің барлық аймағына қоныстануда. Дегенмен, еңбек күші тапшы өңірлерге басымдық берілген:
Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 2 309 адам. 1 тамыздағы жағдай бойынша 1 286 қандас қоныстандыру өңірлеріне көшіп барды.
Мемлекеттік қолдау шаралары
Қоныс аударған қандастарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі:
- Көшуге арналған субсидия: отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге);
- Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге өтемақы: бір жылға 1-30 АЕК (59-118 мың теңге).
Жыл басынан бері 563 қандасқа қолдау шаралары ұсынылып, оның ішінде 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ерікті қоныс аударуды қолдау
«Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды ынталандыру үшін жаңа тетіктер енгізілді. Атап айтқанда, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үй сатып алу немесе ипотекалық қарыздың алғашқы жарнасын жабуға мүмкіндік берілді. Сертификат мөлшері тұрғын үй құнының 50%-ына дейін, яғни бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін беріледі», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.