«Суды көп қажет етеді»: Алматы әкімі көгалдан бас тартуды ұсынды
Қалада құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер тамшылатып суару әдісімен отырғызылады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды суды көп қажет ететін көгалдан бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше Дархан Сатыбалды Жұбанов көшесіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты.
«Жоба Саин көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жұмыстар мамырда басталып, қарашада аяқталмақ», - деп жазылған хабарламада.
Жоба аясында жаяжол плиталары төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдары орнатылады. Балалар және спорт алаңдары салынады. Сондай-ақ бейнебақылау камералары мен автоматты суару жүйесі қойылады.
«Көгалдандыру аясында 15 мыңнан астам бұта мен гүлзар отырғызылады. Қала әкімі көгал (газон) мен ылғалды көп қажет ететін өсімдіктердің орнына, күтімі жеңіл әрі құрғақшылыққа төзімді түрлерді тамшылатып суару әдісімен отырғызуды ұсынды», - дейді әкімдік қызметкерлері.
Әкім жауапты мамандарға құрғақшылыққа төзімді өсімдіктерді отырғызуды және абаттандыру барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.