Павлодарда балабақшада жүрген бүлдіршіннің үстіне сөре құлап кетті (ВИДЕО)
Бүлдіршіннің ата-анасына 3,5 сағаттан кейін ғана хабар берген

Павлодар қаласындағы №29 балабақшада бүлдіршіннің үстіне сөре құлап кетіп зардап шекті, алайда ата-анасына бұл жағдай туралы бірнеше сағаттан кейін ғана айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған бейнебақылау камерасынан түсірілген видеода баланың сөреге шығып, кейін оның үстіне құлап түскені анық көрінеді. Белгілі болғандай, сөре қабырғаға бекітілмеген.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, оған оқиға туралы 3,5 сағаттан кейін ғана хабарлаған. Белгілі болғандай, тәрбиеші бүлдіршіннің ата-анасына сөренің баланың жанына ғана құлағанын, баланың зардап шекпегенін айтқан. Ата-анасы баласын өз бетінше облыстық балалар ауруханасына жеткізгенде дәрігерлер балаға дене жарақаттары диагнозын қойған.
«Анасымен байланыстамын. Бұл жағдайды анықтаймыз», – деп түсініктеме берді Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шакенова.
Ата-аналар балабақша қызметкерлерінің немқұрайдылығына наразы екенін білдіріп, қаладағы барлық мектепке дейінгі ұйымда тексеріс жүргізуді талап етті.