«Таза бейсенбі»: акцияға 90 мыңға жуық қазақстандық қатысты
«Таза бейсенбі» акциясы қолға алынған сәттен бастап, 1000-нан астам учаске тазаланып, абаттандырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ел аумағында жалғасып жатыр. Оған партия мүшелерімен қатар, жастар, волонтерлер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын азаматтар белсенді қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, бүгін Ақтөбе облысында 40-қа жуық белсенді Ырғыз өзенінің жағалауын тазалады.
«Мұнда құстардың жүзге жуық түрі мекендейді. Жергілікті тұрғындар осында балық аулайды, отбасымен демалуға келеді. Ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнын үнемі тазалап отыру маңызды. Сонымен қатар жазда Сабындыкөл көлінің жағасында абаттандыру жұмысын жүргіздік», – деді «AMANAT» партиясы Ырғыз аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айымгүл Оразымбетова.
Шымкентте тазалық жұмысына 60-қа жуық адам атсалысып, олар қала тазалығына өз үлесін қосты. Акцияға қатысушылар көп қабатты үйлердің аулаларын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ шөп шауып, ағаштың кепкен бұтақтарын кесті.
Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласының орталық саябағында «Жерұйық» және «Түпқараған» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері 120 келіге жуық тұрмыстық қалдықтарды жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең бастысы – тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық бастамаларды қолдау.
«Тазалық – ортақ міндет. Мұндай іс-шаралар аудан тұрғындарын табиғатқа қамқорлықпен қарауға үндейді. Қоршаған ортаны қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз», – деді «AMANAT» партиясы Түпқараған аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қайрат Таңғұл.
Атырау облысы Махамбет ауданында тұрғындар аудандық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Эльмира Еспусиновамен бірге орталық саябақты тазалады. Олар құрғақ шөп пен жапырақты, қоқыс салынған қаптарды жинап, демалыс аумағын ретке келтірді.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Айыртау ауылында елуге жуық адам орталық көшеге шықты. Олар арықтарды тазалап, қоқыс жинады.
Қарағанды облысы Нұра кентінде жиырма адамның күшімен орталық көшедегі кеуіп қалған бұтақтар мен тұрмыстық қоқыстар тазаланды.
Қостанай облысы Б. Майлин ауданында белсенділер мен волонтерлер Қаратомар су қоймасының аумағын тазалап, пластик пен тұрмыстық қалдықтарды жинады.
«Таза су – балаларымыздың денсаулығы мен болашағының кепілі. Сондықтан су қоймасының жағалауы қоқыстан таза болуға тиіс. Мұндай акциялар жастардың бойында экологиялық патриотизмді қалыптастырып, оларды өздері өмір сүріп жатқан ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанна Калимова.
«Таза бейсенбі» акциясы қолға алынған сәттен бастап, 1000-нан астам учаске тазаланып, абаттандырылды. Су қоймаларының, өзендер мен көлдердің жағасында санитарлық жұмыстар жүргізілді. Каспий теңізінің жағалауын, Балқаш және Зеренді көлдерін, Кеңгір су қоймасын, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендерін қоса алғанда, 100-ден астам су нысандарын тазалау жұмысы қолға алынды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.