«Анам операцияға түсті»: Сызғанов атындағы Ұлттық орталықтың дәрігерлері танымал актрисадан ақша талап еткен
Осы іс бойынша тексеру жүргізуді талап етіп отыр

Актриса Айнұр Ілиясова Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында болған жағдайды ашық жазып, дабық қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін мен Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысына ашық түрде жүгінуге мәжбүрмін. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында болған жағдайды кәсіби этиканы бұзып, заңды белшесінен басу деп санаймын. 18 тамызда анам клиникаға жатып, 20-сы күні оған ота жасалды. Госпитализация кезінде ол тек шұғыл байланыс үшін менің телефон нөмірімді жазып берген еді. Алайда анестезиолог бұл нөмірді мақсатқа сай қолданбай, маған хабарласып, ақша талап етті. Мен директордың атына шағым түсіргеннен кейін, сол қызметкер қайтадан анамның қасына келіп, отадан кейін төсекте жатқан анама қысым көрсетіп, «қызыңды тыныштандыр» деп айтқан», - дейді Ілиясова.
Актриса мұндай әрекет заң бұзу екенін айтып, аталған орталықта қызметтік тексеру жүргізуді талап етті.
«Мұндай әрекеттер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», пациенттің медицина қызметкерлерінен құрметпен және ізгілікпен қарым-қатынас көру құқығы, медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексін бұзады», - деп жазды ол.
Редакция бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына сұрау жолдады.