Мамандыққа адалдықтың үлгісі: мұнай өңдеу зауытында 33 жыл еңбек еткен маман
Ол аталмыш салада 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді

Қазақстанда жұмысшы мамандық бағытында еңбек етіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген кәсіби мамандар аз емес. Олардың бірі – Қуат Мәжитұлы Ғабдуллин. Ол – Атырау мұнай өңдеу зауытында 33 жыл еңбек өтілі бар технологиялық қондырғы машинисі, отандық мұнай-химия саласының дамуына сүбелі үлес қосқан қарапайым еңбек адамы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінде жарияланған мәліметке сүйенсек, ол мектебін аяқтап, әскер қатарынан оралғаннан кейін ауылшаруашылық машиналарының техник-механигі мамандығын алып, дизельді моторист болып еңбек жолын бастаған.
Алайда оның өміріндегі маңызды бетбұрыс 1992 жылы Атырау МӨЗ-на жұмысқа орналасуымен байланысты. Содан бері үш онжылдықтан астам уақыт бойы зауытпен бірге, бір мамандыққа адал қызмет етіп келеді.
Бүгінде Қуат Мәжитұлы – «Кокс және күкірт өндіру» цехындағы баяу кокс өндіру қондырғысының машинисі. Оның әр жұмыс күні нақты есеппен басталып, сенімділікпен аяқталады: жабдықтардың қауіпсіздігі мен жұмыс барысы – оның тәжірибесіне сеніп тапсырылған.
Қуат Мәжитұлы – тәжірибелі маман ғана емес, сондай-ақ отбасына тірек, үш баланың әкесі, бес немеренің ардақты атасы. Жұмысын құрметпен атқарса, отбасын мақтанышпен әңгімелейді. Мұндай азаматтар – тек жұмысшы ғана емес, өндірістің арқа тірегі, дәстүр мен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.