Қазақстандықтар өткен маусымда жылу энергиясы үшін 1,5 млрд теңге артық төлеген
Ең көп қаражат Қарағанды облысының тұрғындарына тиесілі – 457 млн теңге

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті жылу энергиясын есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылыту құнының қайта есептеуін аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл рәсім компанияларды сыртқы ауаның нақты температурасына сәйкес төлемдерді түзетуге міндеттейтін заңға сәйкес жүргізіледі. Ведомствоның мәліметінше, ел тұрғындарына ҚҚС-ты қоса алғанда 1 млрд 554,7 млн теңгеден астам қаржы қайтарылады.
«Аталған қаражат тұтынушылардың жеке шоттарында бөлек жолмен аванс (сальдо) ретінде 2024-2025 жылдардағы жаңа жылыту маусымында немесе 2025 жылдың соңына дейін күнтізбелік жыл үшін көрсетіледі. Қайтарым отбасылық бюджетке түсетін жүктемені ішінара азайтады», – делінген комитет хабарламасында.
Өтемақы Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Ең көп қаражат Қарағанды облысы тұрғындарына – 457 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысына – 257,2 млн, Астанаға – 224,5 млн және Маңғыстау облысына – 176,7 млн теңге көлемінде қайтарылады. Басқа өңірлерде сомалар аздау: мысалы, Алматыда қайтарым 74,2 млн теңгені, ал Жетісуда небәрі 0,03 млн теңгені құрайды.
Ал Шымкент пен Ұлытау облысында төлемдерді түзету жүргізілмейді.
«Астанада қайта есептеу бүкіл жылыту маусымы бойы ай сайын жүргізіліп отырды. Бұл ауа райы жағдайларының өзгерістерін дәлірек ескеруге және нақты тұтынылған жылу көлемін көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай тәсіл түпкі тұтынушылар үшін ең әділ саналады, себебі артық төлемді барынша азайтады», – деп түсіндірді антимонополиялық ведомство.
Комитетте атап өтілгендей, қаражатты қайтару нақты көрсеткіштерді қатаң есепке алудың қажеттілігін дәлелдейді және халықтың тарифтерді реттеу жүйесіне деген сенімін нығайтады.