«Хабель» компаниясы Есік көліне заңсыз шлагбаум орнатып алған – әкімдік
Негізінде, туристер көлге тегін кіруі керек

Алматы облысындағы Есік көлінің алдындағы заңсыз шлагбаум жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысының әкімдігі хабарлағандай, көлдің айналасын сенімгерлік басқаруға алған «Хабель» компаниясы шлагбаумды заңсыз орнатқан екен.
«Есік көліне кіреберістегі шлагбаумға қатысты шағым түсті. «Хабель» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес туристерден төлемақы алу қарастырылмаған. Басқарушының мұндай әрекеттері оның өкілеттігінен тыс әрі шарт талаптарын бұзады. Тек Іле-Алатау ұлттық паркі аумағына кіретін көліктерден ғана ақша алынады», - деп хабарлайды әкімдік.
Облыс әкімдігі «Хабель» ЖШС-не заңсыз төлемақыны тоқтату және орнатылған шлагбаумдарды алып тастау туралы хабарлама жолдағанын, соған сай 17 тамыздан бастап Есік көліне кіреберістегі шлагбаумдар алынғанын хабарлап отыр.