$ 538.57  629.48  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Еуропада орман өрті өршіп тұр: Испания, Португалия, Грекия, Түркия елдері алапат отпен күресіп жатыр

Тілсіз жаудан үш адам қаза тапты, олардың екеуі – ерікті өрт сөндіруші

Еуропада орман өрті өршіп тұр: Испания, Португалия, Грекия, Түркия елдері алапат отпен күресіп жатыр
Фото: Euronews

Еуропаның бірқатар елінде орман өрті өршіп тұр. Алапат өрттен Испания, Португалия, Грекия, Түркия елдері зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Испаниядағы ахуал

Испанияда қазір 14 ірі орман өрті тіркелді. Елдің премьер-министрі Педро Санчес алдағы күндерде жаңа өрт қаупі күшейетінін мәлімдеді. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан үш адам қаза тапты, олардың екеуі – ерікті өрт сөндіруші.

Ұлттық метеорологиялық агенттік AEMET елдің көп бөлігінде аптап ыстық пен өрт қаупі өте жоғары екенін хабарлады. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асып, дүйсенбіге дейін сақталмақ. Галисия аймағында жолдар жабылып, Мадридпен байланыстыратын жылдам жүретін теміржол қозғалысы тоқтатылды. Биыл Испанияда 158 мың гектардан астам орман өртенген – бұл шамамен Лондон қаласының аумағына тең.

Португалиядағы жағдай

Португалияда 4 мыңға жуық өрт сөндіруші жеті ірі ошақты ауыздықтауға тырысуда. Гуарда аймағында тілсіз жау көрші елді мекендерге таралып, тұрғындар өз күштерімен өртпен күресуге мәжбүр болды. Өрттен бұрынғы қала әкімі мерт болып, бұл елдегі алғашқы құрбан тіркелді.

Билік аптап ыстықтың жалғасуына байланысты төтенше жағдай режимін ұзартты. Өртпен күреске Еуроодақтың азаматтық қорғаныс тетігі арқылы халықаралық көмек тартылды.

Орман өрттері – Еуропаға ортақ қауіп

Грекия, Болгария, Черногория және Албания елдері ЕО-дан көмек сұрады. Сарапшылардың айтуынша, Еуропа соңғы онжылдықтарда әлемнің басқа бөліктеріне қарағанда екі есе жылдам жылынуда, бұл аптап ыстық пен жаппай орман өрттерінің жиілеуіне әкелуде.

Серіктес жаңалықтары