Байденнің қызы күйеуінің бөтен әйелмен жүрген фотосын жариялап, ажырасатынын айтты
Олар 2012 жылы үйленген

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің қызы Эшли Байден күйеуі басқа әйелмен қол ұстасып жүрген суретін жариялап, ажырасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Эшли Instagram желісінде күйеуі, доктор Ховард Крейннің бейтаныс әйелмен қол ұстасып жүрген суретін салды. Жазба ресми ажырасу туралы мәлімдемеге бірнеше сағат қалғанда жарияланды.
Эшли суретке: «Менің күйеуім және оның сүйіктісі қол ұстасып тұр» деп жазған. Пост опасыздық туралы әнмен бірге жарияланды, алайда кейінірек жазбасын өшіріп тастады.
БАҚ-тың хабарлауынша, Эшли ажырасу процесі кезінде алимент пен сақтандыруға қол жеткізуді талап етіп отыр. Құжаттарда ажырасу себебі ретінде «некенің бұзылуы» көрсетілген.
Bild басылымының мәліметінше, Эшли мен Ховард 2010 жылы Эшлидің ағасы Бью арқылы танысып, екі жылдан соң Делавэр штатында шаңырақ көтерген. 13 жыл бойы олар көпшілік алдына сирек шығып жүрді.
Айта кетейік, бұл жағдай Байдендер отбасының өміріндегі тағы бір ауыр оқиғаға айналды. 1972 жылы Джо Байден автокөлік апатында әйелі Нейлия мен қызы Наомиден айырылды, ал ұлдары Бью мен Хантер аман қалып, жарақат алған. 2015 жылы Делавэр штатының бас прокуроры Бью Байден қайтыс болды. Содан кейін Хантер мен Эшли Джо Байденнің жалғыз балалары болып қалды.