Қазақстанда бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі
Тоқаев Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде ұстаздардың қоғамдағы рөлі мен еңбегін ерекше атап өтіп, білім мен ғылымды Қазақстан дамуының негізгі қозғаушы күші деп атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, әлем тарихында білім мен ғылымды басты орынға қойған елдер ғана орасан жетістікке жеткен.
«Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл – мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – деді Тоқаев.
Президент ұстаз еңбегін жоғары бағалап, оны ұлы миссия деп атады.
«Адам қандай жетістікке жетсе де, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты», – деді ол.
Мемлекет басшысы ұстаздардың еңбегі ең жоғары құрметке лайық екенін айтып, бір топ мұғалімді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Бес педагогқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
Президент ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.