$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды – мемлекет басшысы

«Отбасы – мектеп – мемлекет» үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады

Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды – мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен тәрбиенің ажырамас байланысы жайлы айта келе, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа және адалдыққа баулудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігінің үйлесімді жұмысы ғана қоғамда берік құндылықтарды қалыптастыра алады.

Президент білім сапасын арттыру тәрбиемен тығыз байланысты екенін айтты.

«Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бөліп қарауға болмайды», – деді ол.

Мемлекет басшысы Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзін мысалға келтіріп, жастардың білімпаз, адал және еңбекқор болып өсуіне баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл жоба барлық мектептерде, соның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарында да жүзеге асырылады.

Тоқаев бұл бастаманы педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды.

Ұлттық білім жүйесіндегі тәрбие жұмысы бірыңғай жүйеге негізделуі тиіс.

Президенттің айтуынша, әр жас ұрпақ отаншыл, жасампаз, жаңашыл, еңбекқор, ұқыпты және үнемшіл болып өсуі керек. Мұндай азаматтар ғана «Заң мен тәртіп» үстемдік ететін мәдениетті қоғам құра алады.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген халық даналығын еске салған мемлекет басшысы ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуін маңызды деп санайды. Хакім Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзін мысалға келтірді.

Президент еңбекқорлық идеясын тәрбиенің өзегіне айналдыруды ұсынды.

«Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын түсіндіру керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет», – деді ол.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы тек қоршаған ортаны қорғау ғана емес, ой-сана тазалығының да көрінісі екенін айтты.

 «Жан-дүниесі таза адам қайырымды, адал болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды. Мұндай азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болмақ», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары