Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты
Президент Тамыз конференциясына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға арналған республикалық Тамыз конференциясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент сөз басында бұл өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу екенін айрықша атап өтті.
«Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар.
Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, Мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс», – дейді президент.