Алматыда жасөспірімдер Қасқыр тауына шығамын деп жартасты жыраға түсіп кетті
ТЖМ құтқарушылары жасөспірімдер тобын қауіпті жартастан алып шықты

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Қасқыр тауында 5 адамнан құралған жасөспірімдер тобы тау бөктерімен көтеріліп келе жатып, жартасты жыраға түсіп кетіп, өз бетімен шыға алмай қалған. Құтқарушыларға хабар топтың бір қатысушысынан келіп түсті, геолокация белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына РҚҚЖ ТЖМ ҚР жедел тобы шықты. Топ құрамында кинологиялық есеп және қажетті жабдық болды.
Тау жотасының күрделі, тасты бедеріне байланысты зардап шеккендерге жету 4 сағаттан астам уақыт алды.
Кері қайту жолын көптеген жартасты бөктерлер мен қараңғы уақыт қиындатты, дегенмен барлық адам құтқару техникасына аман жеткізілді. Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болған жоқ.