Қызылорда облысында жемқорлардан қайтарылған қаржыға медициналық нысандар салынады
Денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға 7 млрд теңге жұмсалады

Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға шамамен 7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетіне сілтеме жасап.
Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салуға бағытталған.
«Онда инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері және басқа да бейінді бөлімдер ашылып, заманауи медициналық жабдықтар: магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық қондырғылар орнатылады», - деп жазылған хабарламада.
Жобалар жүзеге асқан соң, ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғын мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді.
Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Еске сала кетейік, Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты Михайловка ауылында қайтарылған мүлік есебінен ауыз су мәселесі шешіліп жатыр. Ауылда 16 шақырымға созылатын су құбыры желісі жүргізіледі. Бұл жоба орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тарату пунктері арқылы ғана су пайдаланып отыр, бұл тұрмысқа қолайсыздық туғызуда.