Қостанай облысында парақорлардан қайтарылған ақшаға ауыз су мәселесі шешілетін болды
Қостанай облысында прокурорлар қайтарған қаражат ауыл игілігіне жұмсалуда

Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты Михайловка ауылында қайтарылған мүлік есебінен ауыз су мәселесі шешіліп жатыр. Аудан прокуратурасының бастамасымен мемлекет меншігіне қайтарылған активтер инфрақұрылым жобасын қаржыландыруға бағытталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 шақырым су құбыры салынады
Ауылда 16 шақырымға созылатын су құбыры желісі жүргізіледі. Бұл жоба орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тарату пунктері арқылы ғана су пайдаланып отыр, бұл тұрмысқа қолайсыздық туғызуда.
500-ден астам тұрғын таза суға қол жеткізеді
Жоба іске асқан жағдайда, Михайловка ауылының 500-ден астам тұрғыны сапалы ауыз суға еркін қол жеткізе алады. Су құбырының іске қосылуы жергілікті халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады.
Құрылыс сапасы мен қаржы жұмсалуы – бақылауда
Әлеуметтік маңызы зор бұл нысан 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Мердігерге құрылыс мерзімін және сапасын қатаң сақтау міндеті жүктелген. Ал жобаның орындалуы мен қаражаттың тиімді жұмсалуы облыстық прокуратураның тұрақты бақылауында.