$ 538.03  629.23  6.74
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қашықтан жұмыс істеген: «Болашақ» түлегі оқу ақысын қайтаруға міндеттелді

Жауапкер 2023 жылдан бері Қазақстанға оралмаған 

Қашықтан жұмыс істеген: «Болашақ» түлегі оқу ақысын қайтаруға міндеттелді
Фото: istockphoto.com

Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты Boston University түлегінің «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру туралы Республикалық комиссияның шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн жұмыс істген

 Іс материалына сәйкес 2013 жылы жауапкер магистратура бағдарламасы бойынша Boston University-де (АҚШ) оқуға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясын алған. Оқуын аяқтап, тағылымдамадан өткеннен кейін талапкер жекеменшік ұйымдарда еңбек етті, қазіргі уақытта ол экономист лауазымында жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде онлайн форматта, икемді кестемен қашықтан жұмыс істеп жүр.

«Сот жауапкердің 2023 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасынан тысқары кеткенін және сол уақыттан бері елге оралмағанын анықтады. Бұл деректі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі растады», - деп жазылған хабарламада.

Жауапкерге стипендияны Қазақстан аумағында өтеу қажеттілігі туралы бірнеше мәрте хабарлама (ескерту) жіберілген. Комиссияның шешімімен ол халықаралық «Болашақ» стипендиясынан айырылып, шартты орындамағаны үшін жұмсалған шығынды өтеу міндеті жүктелді.

Жауапкердің талап арызы қолдау таппады

Аталған шешіммен келіспеген жауапкер Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (МАӘС) «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру туралы Республикалық комиссияның шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арыз түсірді.

«Астана қаласының МАӘС шешімімен оның Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы талап арызы қанағаттандырылмады. Сот талапкердің «Болашақ» халықаралық стипендиясын Қазақстан аумағында өтеу талабын орындамағанын негізге алды», - деп түсіндірді сот.

Стипендия шарттарына сәйкес, стипендиат оқуын толық аяқтап, диплом алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасына оралуға, Қазақстан Республикасына кіргені туралы белгі қойылған төлқұжат көшірмесін ұсынуға және алған мамандығы бойынша жұмыс берушіде немесе басқа ұйымдарда үздіксіз кемінде 5 (бес) жыл еңбек өтеуге міндетті.

Шарт пен бағдарлама ережелерінде еңбек қызметін (өтеуді) қашықтан орындау мүмкіндігі көзделмеген. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары