Қазақстан аумағында 350-ден аса халықаралық іздеудегі қылмыскер ұсталды
Олардың арасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар бар

Биыл ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастық аясында Қазақстан полициясы 374 қылмыскерге іздеу салды. Олардың арасында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасап, ондаған жыл бойы жасырынып келгендер де бар. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Синтетикалық есірткі өндіру және таратуға қатысы бар үш трансұлттық топты қоса алғанда, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне нүкте қойылды. ТМД елдерінің 119 азаматы ұсталды», – деді министр.
Сәденов есірткі тасымалы арналары мен қылмыстық схемаларға қатысы бар барлық адамды ұстау үшін бірлескен арнайы операцияларды жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол заңсыз көші-қонмен күресті күшейтуді, ақпарат алмасуды жақсартуды, сұрау салуларды өңдеу уақытын жеделдетуді және халықаралық құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл бастамаларды кеңес мүшелері қолдады.