Ақтауда климаттық өзгерістердің Каспий экожүйесіне ықпалы талқыланды
Дөңгелек үстелдің қатысушылары климат өзгерісінің Каспий экожүйесіне әсерін талқылап, жағымсыз салдарды азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірледі

Ақтауда халықаралық Каспий күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Каспий теңізі жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қоғамдық коммуникация орталығыны сілтеме беріп.
Іс-шараны Маңғыстау облысының әкімдігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Тегеран конвенциясының хатшылығы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға Тегеран конвенциясы хатшылығының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары, жас экологтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар климат өзгерісінің Каспий экожүйесіне әсерін талқылап, жағымсыз салдарды азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара барысында Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы маманы Гүлнұр Әбдіғалиева итбалықтардың мекендеу ортасын сақтау жөніндегі іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттері туралы айтты.
«Жалпы бұндай іс-шараларды үш кезеңге бөліп құрастыруға болады. Бірінші кезеңде міндетті түрде талдау жұмыстары жасалуы қажет. Мұрағат материалдары мен есептерді, бұрын жүргізілген зерттеулерді пайдалана отырып, талдамалық шолу ұйымдастырылады. Екінші кезеңде - әдістемелік жұмыстар. Оларға итбалықтардың құлықтық бұзылыстарына сыртқы факторлардың әсерін, балықтарға акустикалық әсерін зерттеуіміз қажет. Әрі қарай шу, тербеліс яғни вибрация әсерлерін қарастырамыз. Үшінші кезеңде сол іс-шараларды туралы ұсыныстарды әзірлеу жұмыстары жасалады. Мысалы, жыл мезгіліне байланысты кемелердiң қозғалысы бойынша ұсыныстарды әзiрлеу, уылдырық шашатын жерлердi қорғау және балықтардың өсiмiн молайту жөнiндегi ұсынымдарды әзiрлеу қажет», - деді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Сонымен қатар, басқосуда «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының жанындағы экологиялық кеңес төрағасы Орынбасар Тоқжанов Каспий теңізінің мәселелеріне тоқталды.
«Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі - тек экологиялық мәселе емес, ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсер етеді. Біз табиғатты сақтау мен теңіздің болашағын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптардың күшін біріктіруіміз керек», - деді Орынбасар Тоқжанов.