$ 538.03  629.23  6.74
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда Джей Лоның концертіне қатысқан волонтерлердің шағымы: жедел штаб түсініктеме берді

Іс-шараны ұйымдастыруға 300 адам таңдап алынды

Алматыда Джей Лоның концертіне қатысқан волонтерлердің шағымы: жедел штаб түсініктеме берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыдағы Дженнифер Лопестің концертіне қатысқан кейбір волонтерлердің жұмыс жағдайына байланысты наразылығына «Волонтерлердің жедел штабы» пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұйым 10 тамызда Алматының Орталық стадионында өткен Дженнифер Лопес концерті кезінде жұмыс жағдайы нашар болды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Штаб өкілдерінің айтуынша, іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсету үшін ашық іріктеу жарияланып, оған 6 мыңнан астам адам өтініш берген. Нәтижесінде 300 адам таңдап алынды. Концертке бір апта қалғанда волонтерлерге нұсқаулық өткізіліп, жұмыс шарттарымен таныстырылды.

«Концерт күні волонтерлерді іс-шара серіктесі – «Salam Bro» кафе желісі – тамақпен және сусындармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ оларда демалысқа арналған үзілістер болды. Тамақтану ауысым кестесіне сәйкес берілді», – деді штабта.

Ұйым өкілдері кәмелетке толмаған қатысушылардың болу себебін де түсіндірді: бастапқыда концерт 19:00-ден 21:00-ге дейін жоспарланғандықтан, арнайы көлік қарастырылмаған, ал қалада қоғамдық көлік түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Штабтың дерегінше, стадион аумағында ауызсуға қол жеткізу, демалыс аймағы және жеке заттарды сақтайтын орын болған. Ұйымдастырушылар волонтерлермен байланыста болып, қажет болған жағдайда бірін-бірі алмастыруды және шамадан тыс жүктемеден сақтануды қамтамасыз еткен.

«Концерттен кейінгі аумақты тазалауға көмектесу тек ерікті түрде болды. Кейбір жарияланымдарда тараған мәліметтер шынайы жағдайды көрсетпейді», – деп атап өтті ұйым өкілдері.

Штабта волонтерлік бұл азаматтық белсенділіктің көрінісі болып саналатын ерікті әрі саналы таңдау екенін де атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы Дженнифер Лопес концертіне қатысқан волонтерлердің жұмыс жағдайына қатысты шағымдары тараған еді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың айтқан арыздарына байланысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл реакция білдірген.

Серіктес жаңалықтары