Таразда қауіпті автошеру: жол ережесін бұзған жүргізушілер ұсталды
Олар әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында анықталды
Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері Тараз қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көшелерде автошеру жасағандарды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Интернетте жарияланған бейнежазбаларда Toyota, Mercedes, Lada, Nissan және BMW маркалы көліктердің жүргізушілері жолда қауіпті әрекеттер жасаған.
Мұндай бұзушылықтарға апатты жағдай туғызу, жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтамай тасымалдау, маневр жасар алдында сигнал бермеу, сондай-ақ жол жамылғысын бүлдіру деректері кірді.
«Полицияның жедел әрекетінің арқасында жүргізушілердің жеке тұлғалары қысқа мерзімде анықталып, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мұндай әрекеттер заңды ғана бұзбай, жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды жол ережелерін сақтауға және жолда жауапкершілік танытуға шақырады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, азаматтардан департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына хабарласуды сұрайды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.